XIX ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстанның қоғамдық-саяси ойшылдар тарихында танымал тұлғалардың бірі Мұхамеджан Сералин (1872 – 1929 жылдары өмір сүрген) болып табылады.
Мұхамеджан Сералиннің ата-бабалары Түркістан қаласынан қоныс аударған. Әкесі жағынан атасы, Тұрсынбай Қожа, орташа күнкөрісті көшпенді болған. Оның ауылы Сырдарияның етегіндегі жайлауды қоныстанған болатын. Мұхамеджанның әкесі Сералы, жас күнінде өлең шығарумен және музыкамен айналысты, әдемі дауысы болды, ән айтты. Уақыт өте келе ол қазақ жастарының арасында ағартушылықты кеңінен тарату керек екендігін түсінді. Қостанай даласына көшіп келіп, Сералы балаларды оқытумен айналысты.
Мұхамеджан өз әкесінің ісін жалғастырды. Троицкідегі медрессені аяқтаған ол, Қостанайдағы екі кластық орыс-қырғыз училищесін тәмамдап, Орынбордағы мұғалімдік семинариясына оқуға түсті, бірақ отбасының материалдық жағдайына байланысты жұмыс істеуге мәжбүр болды. Мұхамеджан Сералин – орысша сауат ашу мен білім беру ісін жүзеге асыруды алдына мақсат етіп қойды. Қазақ балалары үшін мектептер мен училищелерді ашуды ол қазақ зиялылығының борышы деп білді.
Ол қазақ халқының ауызша шығармашылығын оқыды, орыс, татар, парсы тілдерін меңгере отырып, өзі де өлең жаза бастады. М. Сералиннің тұңғыш поэмасы «Гүлқашима» аталып 1903 жылы Орынборда басылып шықты. Поэма ескі салт дәстүрдің құрбанына айналған қазақтың қыз-жігіттерінің қайғылы махаббаттарына арналды. М. Сералиннің ақын ретіндегі үлкен еңбегі қазақ әдебиетіне сюжетті поэма жанрын енгізумен байланысты болды.
1911 жылы ол 1915 жылға дейін жарық көрген ұлтымыздың алғашқы журналы «Айқап» журналын шығаруды бастады. М. Сералин тілшілерді, журналистерді, ақпаратшыларды журнал айналасына біріктіріп, саяси дискуссия ұйымдастырып, білікті редактор ретінде түрлі пікірлер қақтығысының куәсі болды. «Айқап» журналы сол кезеңдегі қазақ қоғамы үшін ерекше құбылыс болды, ол халықтың дауысы, ұлттық мөрдің бастамасына айналды.
М. Сералин қазақ халқының саяси және экономикалық артта қалғандығының басты себебін халқымыздың көшпелі өмір салтымен сабақтастырды. Бұған Шоқан Уалиханов пен Ыбырай Алтынсарин де назар аударған еді. Бірақ бұл жайында алғаш рет өзінің «Айқап» журналында М. Сералин жазып шықты. «Көшпенділік өмір салтын ұстанып, жер жыртумен және мал бағумен айналысатын уақыт өтті. Өткенге оралмаймыз. Бұл үшін өкінудің қажеті жоқ. Енді әрі қарай өмір сүру үшін біздер ауылдар мен қалаларда тұруымыз қажет. Сол жердің тұрғындары немен айналысса, біз де солай тіршілік қылуымыз тиіс» деп жазды. М. Сералин «Айқап» журналында жұмыс істеп жүріп қырықтан аса публицистикалық мақалалар мен очерктерді жариялап, қазақтың ағартушы-демократтарының, әсіресе Ыбырай Алтынсариннің дәстүрін жалғастырды.
Қазан төңкерілісінің жеңісінен кейін «Ұшқын» газетінің шығуына қатысты, кейінірек «Аул» газетін редактирлеуге қатысты. Мұхамеджан Сералин өмірінің соңына дейін кеңестік және партиялық жауапты орындарда отырды.
Мұхамеджан Сералиннің мазары Қарабалық ауданының Өрнек ауылдық округының Өрнек ауылынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Мазар үстінде мемориалды тақталы ескерткіш қойылып, онда М. Сералиннің портреті бейнеленіп және «Сералин Мұхамеджан қазақ жазушысы, журналист, аудармашы. 1872-1929» деп жазылған. Өрнек ауылы метептерінің бірінің ғимаратында мемориалды тақта орнатылып, сол мектепте Мұхамеджан Сералин атындағы мұражай ашылған. Мемориалды тақта Қостанай қаласындағы Сералин көшесінде орналасқан № 21 мектепке де қойылған.